Өскелең ұрпақ лаңкестіктің қауіпті болмысын анық түсінуі керек - Қасым-Жомарт Тоқаев

«13 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін бастама етіп көтеріп, содан бері ол Астанада тұрақты негізде өткізіліп келеді. Бес мәрте өткен Съезд ХХІ ғасырда бұл диалог алаңының қажеттілігін байқатып отыр. Өткен жылдарда Съездің ауқымды құжатнамалық базасы қалыптасты. Осы ретте аталған құжаттар қазіргі замандағы барша өзекті проблемалар бойынша ғаламшардағы рухани қайраткерлердің бірлескен ұстанымы мен қадамдарын көрсетеді. Бұл тұрғыда дінаралық диалог, жаһандану жағдайында мәдениеттердің қатар өмір сүруі, жаңа ұрпақты тәрбилеу, лаңкестікке қарсы тұру және басқа да маңызды тақырыптар қамтылды. Астана съездері бірлескен күш-жігердің нәтижесі болып табылады», - деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елордада өтіп жатқан халықаралық конференция бұл диалогқа тың серпін беретінін атап өтті.
Радикалды топтар тұрақты қаржыландыруға қол жеткізгеніне, соңғы буынды технологияларды тиімді пайдаланып отырғанына тоқталған ол, осындай жаһандық қатерге тек бірлескен күш-жігермен қарсы тұруға болатындығын қадап айтты.
«Дінаралық келіспеушілікті тудыруға жол бермеу бойынша біздің қоғамдарға, бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдары алдында этикалық нормаларды даярлап, енгізу шаралары тұр... Сонымен қатар осы бағытта білім беру мен ағарту жұмыстары ерекше маңызға ие, өйткені өскелең ұрпақ лаңкестіктің қауіпті болмысын анық түсінуі керек», - деді Сенат Төрағасы.
Сөз соңында ол мелекеттер жекелей лаңкестікке қарсы тұруға қауқарсыз екенін, яғни бұл тұрғыда әлемдік қоғамдастық күш біріктіруі керектігін жеткізді.