Өскелең ұрпаққа өнеге керек - Алан Тіленшиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы «Алматы» ауданының прокуратурасы «Балаларды бірігіп қорғайық» жол картасы аясында «Кәмелетке толмағандар қылмысына жол жоқ» жобасын дайындап, оның аясында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жай-күйі мен аудандық ішкі істер органның құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстарына талдау жасаған болатын. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Алан Тіленшиев аталған жоба нәтижелері жайында айтып берді.

Өскелең ұрпаққа өнеге керек - Алан Тіленшиев

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2016 жылдың 12 айында елорданың Алматы ауданы бойынша қылмыстық қудалау органдары өндірісінде кәмелетке толмағандарға қатысты барлығы 80 қылмыстық іс болса (67 қылмыстық іс 2016 жылы тіркелген), оның 63-і жәбірленуші мен күдіктінің татуласуына байланысты қысқартылған, қалған 17-і негізінен қарау үшін сотқа жолданған. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың 46,2 пайызы бөтеннің мүлкін ашық жымқыру деректері бойынша орын алса, 17,9 пайызы бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, 11,9 пайызы қорқытып алу, 4,4 пайызы алаяқтық, автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын айдап кету, бұзақылық және есірткі заттарын тұтыну деректері бойынша орын алған. Кәмелетке толмаған қылмыстардың басым бөлігі, яғни 65,6 пайызы ауыр санаттағы қылмыстар қатарына кіреді. Бұл, әрине өте бір алаңдататын жағдай. Сонымен қатар, жекелеген кәмелетке толмағандардың бірнеше рет қылмыс жасау деректері де орын алған»,-  деді ол.

Оның айтуынша, қылмыстылықтың орын алуына бірінші кезекте кәмелетке толмағандардың әлеуметтік-экономикалық және отбасы-тұрмыстық жағдайы әсер етсе, екіншіден, олардың құқықтық сана-сезімінің, білім деңгейінің  тиісті тұрғыда қалыптаспауы, ата-аналар мен жауапты органдардың алдын алу жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізбеуі себеп болып отыр.

«Әдеттегідей, кәмелетке толмағандар бар күш-жігерін оқуға, оқудан тыс уақытта қосымша мәдени-спорт үйірмелеріне жұмсап, олардың ата-аналары, мектептегі ұстаздары және осы салаға жауапты тұлғалар тиісті бағыт-бағдар беріп отырса, құқық бұзушылық деректері орын алмай, керісінше мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатын азаматтардың өсіп шығатыны сөзсіз.  Дегенмен, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары және осы салаға басшылық ететін  жауапты тұлғалар заңнама талаптарын тиісті тұрғыда орындамай алмай келеді. Соның салдарынан 2016 жылы барлығы  67 қылмыс тіркеліп, аталған бағытта атқарылған жұмыстары мардымсыз күйде екендігін байқатты», - деді Тіленшиев.

 Сонымен бірге, прокурордың пайымынша, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлерінің 201 профилактикалық істі зерделеуді кешеуілдетіп, профилактикалық есептегі кәмелетке толмағандармен және ата-аналарына қатысты шараларды жоспарға сәйкес жүргізе алмай отыруы бұл бағыттағы жұмыстарда олқылықтардың көп екенін көрсетті.

«Аталған заң бұзушылықтар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарауынан, оларға бақылау жасайтын басшы құрамының әрекетсіздігінен және профилактикалық жұмыстардың әлсіздігінен орын алған. Осыған сәйкес,  Алматы аудандық прокуратурасы заңдылықты бұзушылықтарды жойып, кешенді іс-шаралар жүргізу бағытында ұсыныс түріндегі прокурорлық ықпал ету актісін енгізді.  Қазіргі таңда  мектептен басты көшелері арқылы тұрғын үйге баратын жолдардың қауіпті аймақтарын анықтау арқылы схемалық карта жасау, білім ордасында оқымайтын кәмелетке толмағандардың тізімін жасап, олардың әрқайсымен профилактикалық іс-шаралар жүргізу жұмыстары қолға алынып жатыр», -  деді аға әділет кеңесшісі.