17:37, 01 Қараша 2017 | GMT +5
Өскемен әкімінің орынбасары жазасын «қоғамдық көлікте» өтейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев өзінің орынбасары Расул Манаповқа екі ай бойы қызметтік көлікті пайдалануға тыйым салды. Бүгінгі күннен бастап, қаңтар айының біріне дейін ол жұмысқа қоғамдық көлікпен келетін болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Сексеноваға сілтеме жасап.
«ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің этика бойынша Кеңесінде Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Расул Манаповтың қызметтік көлікті жеке пайдасына жаратқаны туралы шулы оқиға тараған болатын. Қазан айында, жексенбі күні Расул Манапов демалыс базасына өзінің қызметтік көлігімен барып, демалып жүргені белгілі болған», - деп хабарлайды баспасөз қызметінен.
Қала әкімінің орынбасары өзіне тағылған кінәні толық мойындап, «Өскемен тәртіп» кәсіпорнында 20 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелген. Сонымен бірге, ол мемлекетке келтірілген шығынды өтейтін болды. Бұған қоса ол қала әкімінің міндеттеуімен қаңтар айының біріне дейін қызметті көлікті пайдаланудан шектеліп, жұмысқа қоғамдық көлікпен келетін болды.