Өскемен: Әлем чемпионатының дәрежелік турнирінің 2-ші кезеңінде қазақстандық волейболшылар алғашқы кездесуін сәтті өткізді
АЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан Өскеменде өтіп жатқан әйелдер арасындағы 2010 жылғы Әлем чемпионатының дәрежелік турнирінің 2-ші кезең ойындарында қазақстандықтар алғашқы кездесуін сәтті өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.В тобындағы 3 команданың арасындағы бұл сайыс маусымның 16-сы күні басталған болатын. Нелли Щербакова жаттықтыратын Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін жаңазеландиялықтармен өткізді. Бір сағатқа созылған бұл ойында олар қарсыласын 3:0 (25:9, 25:13, 25:18) есебімен тізе бүктірді. Бұл сында ең нәтижелі ойын көрсеткен Сана Жарлағасова (Қазақстан) мен Гулпери Стенхаус (Жаңа Зеландия) болды. Сана өз командасының қоржынына 15 ұпай, ал Гулпери 10 ұпай салды.
Бүгін дәрежелік турнирдің ақтық ойыны Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында өтеді. Өзбекстандықтар жарыстың алғашқы күні жаңазеландиялықтарды 3:0 (25:20, 25:17, 25:19) есебімен ұтқан болатын. 1 сағат 7 минутқа созылған бұл кездесуде ең нәтижелі ойыншы ретінде Өзбекстан құрамасынан Одина Назарова (15 ұпай), ал Жаңа Зеландия тарапынан Хьюнанс Линдсей (11 ұпай) көзге түскен еді.