Өскемен экологтары зауыттан шыққан сары түтінді тексеруге кірісті

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында зауыттан шығып жатқан сары түтін жұрттың үрейін туғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешені күкірт қышқылы зауытының «WSA Haldor Topsoe» қондырғысынан сары түтін шығып жатқаны туралы видео тарап, көпті үрейлендірді. Аталған факті бойынша ШҚО экология департаментінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын бастады.

«Мамандар хабар түсісімен зауытқа барды. Алайда келген сәтте түтін сейіліп кеткен. Ал «WSA Haldor Topsoe» қондырғысын жел жағынан өлшеген кезде зиянды шығарындылардың артуы тіркелмеді. Қазіргі уақытта диагностикалық тексеруден өткізу үшін қондырғының жұмысы тоқтатылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл таңертең темір тотығымен бітелген құбырларды желдету кезіндегі шығарынды болуы мүмкін», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін 13 қыркүйекке кейін Өскемен металлургия кешеніне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар