Өскемен мен Федоровка су қоймаларынан ешқандай қауіп жоқ - Ислам Әбіш
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен мен Федоровка су қоймаларынан ешқандай қауіп жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өскемен мен Федоровка су қоймалары ешқандай қауіп төндірмейді. Жалпы, қазіргі уақытта олардың суын ағызып жіберуге еш мүмкіншілік жоқ. Өйткені, төменгі жақта мұз қатып қалған. Сең жүре бастаған кезде ғана олардың суын оңтайлы деңгейге дейін ағызып жібереміз. Жалпы, қар көп болғанымен жаз айларында судың қаншалықты болатындығын білмейміз. Қазір күндіз күн жылы болып еріп, түнде қататын болса онда судың бәрі жердің астына сіңіп кетеді, су жиналмай қалады»,- деді Ислам Әбіш.
Сонымен қатар комитет басшысы Шардара, Көксарай су қоймалары толып тұр деп дабыл көберіп жатқандардың бар екендігін баса айтты.
«Жарайды, ертең су алып кетуі қаупі бар деп оларды жартылай ұстап тұрайық. Ал егер су жиналмай қалса, онда Қызылорданың 700 мың адамы күнкөріссіз қалады. Су мамыр, маусым, тіпті шілдеге дейін жетер. Ал дәл өнім пісер кезде су жетпей қалатын болады. Жалпы, бізді барлық қоймаларын тиімді режімде бақылап отырмыз»,- деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Өскемен мен Федоров су қоймалары 97 пайызға толып тұрғандығын әрі өңірге қауіп төндіріп отырғандығын айтқан еді.