Өскемен мен Катонқарағай арасында туристер үшін тікұшақ қатынауы мүмкін

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласы мен ел арасында «Екінші Швейцария» атанып кеткен Катонқарағай ауданының арасында туристер үшін тікұшақ қатынауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен мен Катонқарағай арасында туристер үшін тікұшақ қатынауы мүмкін

Катонқарағай ауданы туризм саласын дамыту тұрғысынан алғанда Шығыс Қазақстан облысындағы ең тартымды жер. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев ауданға әуе тасымалын ұйымдастыру жайлы сөз етті.

«Бізде Өскемен мен облыс аудандары арасында қатынайтын әуе рейстері бар. Катонқарағай ауданында жаңа әуежай салу егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе. Ауданда кеңес кезеңінен қалған ескі әуежай тұр. Зайсан ауданының тәжірибесін пайдалана отырып, Өскеменнен Катонқарағайға тікелей әуе рейсін ашу жағын қарастыруымыз қажет. Мүмкін тікұшақ тасымалын ұйымдастырудан бастаймыз», - дейді әкім.

Оның айтуынша, әуе рейстерінің ашылуы Катонқарағайға баратын туристер санын біршама арттыра түспек.

Еске салсақ, осыған дейін Катонқарағай ұлттық паркінде туризм қалай дамып келе жатқаны жайлы көлемді мақала жазған едік.