Өскемен мен Семей арасында кеме қатынауы мүмкін

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында кеме қатынасы қайта жандануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев бұрынғы өзен портын аралап көрді. Өңір басшысы мұнда кеме қатынасын жандандыру қажеттігін атап өтті.

«Ертістегі кеме қатынасын жандандыру керектігі туралы осыған дейін де айтқан болатынмын. Кез-келген кеме үшін пирс қажет екендігі белгілі. Сол үшін бұрынғы өзен вокзалының жағдайымен жіті таныстық», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі қалада кеме қатынасын жаңғырту үшін барлық мүмкіндіктің бар екендігін айтты.

«Қаржы жұмылдыруға дайын инвесторлар бар. Бұрын Өскемен мен Омбы арасында Семей арқылы біздің мақтанышымыз – «Ракеталар» жүретін. Кеме қатынасын қайта жандандырғанымыз дұрыс. Қазір халықтың көпшілігін жолмен жүру шаршатты. Өскеменнен Семейге жету үшін шлюздеуді есепке алғанда үш жарым сағаттай уақыт кетеді. Көбісі мінеді деп ойлаймын. Жүк тасымалдарына келетін болсақ - бұл жеке тақырып, оны есептен алып тастамаймыз. Оған басқа инвесторлар қажет болады», - деп түйіндеді Н.Ұранхаев.



Соңғы жаңалықтар
telegram