Өскемен мен Семейде заңсыз жарнама конструкциялары алынып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның үлкен екі қаласындағы орталық көшелерде заңсыз қойылған жарнама баннерлері мен билбордтарының көзі жойылып жатыр. Басты себеп - олардың қаланың келбетін бұзып, қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтіруінде, деп хабарлайды ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Екі ай бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов жол жиегіндегі учаскелерді жөнге келтіру туралы тапсырма берді. Іске білек сыбана кіріскен белсенділер осы аралықта Семейдің бір өзінде 47 жарнама конструкциясын жаңартып, көше бойынан 50 жарнама тақтасы мен кергілерді алып тастады.
«Семей мен Өскемен көшелерін қажетсіз жарнамалардан тазарту керек. Не қазіргі заман үрдісіне сай емес, не қалаға көрік беріп тұрғаны шамалы. Қарасаңыздар, жолдың екі жиегінде толып тұрған кәсіпкерлердің жарнамасы. Бизнесмендер қоғамды сыйлауы керек. Біз оларға әркез барынша қолдау көрсетеміз, бірақ ыңғайларына жығылмаймыз», - деді кеңейтілген аппарат отырысында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов.
Жол жиегін сыртқы жарнамалардан тазартуға бағытталған істің барысын облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов баяндады. Айтуынша, жарнама тақталары мен кергілерді алып тастамас бұрын рұқсат қағаздарының бар-жоғы, стандарт талаптары мен «Тіл туралы» заңның сақталуы қатаң түрде тексеріледі. Кей жағдайда, тіпті, сотқа жүгінуге тура келеді.
Айта кету керек, бұл жұмысты аудан орталықтарында да жалғастыру жоспарда тұр.