Өскемен мен Семейдегі екі жоба ЕҚДБ қаржысымен жүзеге асырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропаның қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Өскемен мен Семейдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жаңартуды қолдауға жалпы құны 22,1 млрд теңге несие бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Астанада ЕҚДБ президенті сэр Сума Чакрабарти және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ЕЖДБ тарапынан бөлінетін 9,6 млрд теңгені қоса есептегенде, жалпы сомасы 22,1 млрд теңге болатын облыстың ең ірі екі қалалары - Өскемен мен Семейдегі тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымы жүйесін жаңарту жобасын қолдау бойынша алдын-ала келісімге қол қойды.
Аталған екі келісімнің алғашқысы ШҚО-дағы тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымына бағытталса, екіншісі, облыстағы жарықтандыру жүйесін жаңартуға арналады. Жаңа жоба ШҚО-ның 6 қаласы мен 11 аудан орталығын қамтиды.
«Біз бүгін ЕҚДБ-мен Өскемен мен Семейдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған екіжақты маңызды құжаттарға қол қойдық. Келісім негізінде жуырда облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтары толық түрде жаңа жүйемен жарықтандырылатын болады, нақты айтқанда 60 мың жарықшам орнатылады. Жарықтандыру келісімінің жалпы сомасы 9 млрд теңге, оның 5 млрд теңгесі Семей мен Өскеменді жарықтандыруға қалғаны аудан орталықтарына жұмсалады. Аталған соманың 90%-ын ЕҚДБ өтесе, 10%-ы жергілікті бюджеттен бөлінеді», -деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Кездесу соңында ЕҚДБ президенті сэр Сума Чакрабарти ШҚО әкімі Даниал Ахметовке бірлескен жобаны жүзеге асыруда алғысын білдірді.
Дәулет Ізтілеу