Өскемен-Риддер тасжолында асфальттың опырылғаны жайлы ақпарат – жалған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен-Риддер тасжолында асфальттың опырылғаны жайлы жалған ақпарат тарап жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының мәліметінше, республикалық маңызы бар Өскемен-Риддер, Өскемен-Шемонаиха, Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары және Өскемен-Семей бағыттарындағы жолдарда орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Бұл жобаларда жер төсемінің иірімін (пучиналарды) жою шаралары да қарастырылған. Ал бұл жұмыстарды видеоға түсіріп алғандар желіде Өскемен-Риддер тасжолында асфальттың опырылғаны жайлы жалған ақпарат таратқан.
— Жер төсемінің иірімі — бұл жолдың үстіңгі қабатының, яғни асфальттың емес, жол негізінің бұзылуы. Бұл мәселені шешу үшін мердігерлер жолдың бұзылып кеткен негізін қайта төсейді. Ол үшін жерді 1,5 метр тереңдікке дейін қазып, бұл учаскелерді тасты топырақпен нығайтады. Дәл осылай жуырда Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары бағытындағы жол қалпына келтірілді. Сондықтан бұл жоспарлы жұмыс, — деді филиал директоры Нұрбек Темірханов.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жолды су шайып кеткені жайлы жазғанбыз.