«Өскемен-Семей» күрежолында бірден үш автокөлік соқтығысты, құрбандар мен зардап шеккендер бар - ҚР ТЖМ

ТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - «Өскемен-Семей» автожолында үш көліктің қатысуымен болған ірі жол апатында 2 адам мерт болып, тағы 6-уы жарақаттанды.

«Өскемен-Семей» күрежолында бірден үш автокөлік соқтығысты, құрбандар мен зардап шеккендер бар - ҚР ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 28 қазан күні кешқұрым, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, «Өскемен-Семей» күрежолының 114-ші шақырымында 21 жастағы азаматтардың басқаруындағы «Тойота Камри» және «Тойота Превия» машиналары мен рөлінде 46 жастағы азамат болған «Хонда» көлігі соқтығысты. Артынша «Тойота Камри» көлігі қызыл өртке оранды.

Жол-көлік апаты салдарынан машиналарда болған 29 және 50 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы 6 адам, соның ішінде 11 жасар бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Төтенше жағдайды жоюға ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облысы бойынша ТЖД жеке құрамының 3 адамы мен 1 техникасы; ҚР ТЖМ «Шығыс өңірлік аэромобильді құтқару жасағы» ММ-нің 4 адамы мен 1 техникасы; ҚР ТЖМ «Апаттық медицина орталығы» ММ-нің 3 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.