Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өскемен тұрғыны жылыжайда қарасора өсіріп келген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде полиция жылыжайда есірткі өсірген тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен тұрғыны жылыжайда қарасора өсіріп келген
Фото: Polisia.kz

Өскемен қаласында ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактісін анықтады. 

Облыс орталығының 45 жастағы тұрғынының тұрғылықты жерін тексеру барысында полицейлер жасыл түсті 6 түп өсімдік егілген жылыжайды анықтады. Сондай-ақ моншадан құрамында өсімдік текті зат бар екі қағаз бума тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктердің «Қарасора» тегі екені белгілі болды және есірткі құралына жатады. Кептірілмеген өсімдіктердің жалпы салмағы 1085 грамды құрады. Сонымен қатар 2,65 грамм кептірілген марихуана мен құрамында темекі қоспасы бар марихуананың бар екендігі анықталды. 

Белгілі болғандай, ер адам қарасора тұқымдарын интернет арқылы тапсырыс беріп, пошта арқылы алған. Оның айтуынша, бұл өсімдіктерді тек жеке мақсатта пайдалану үшін өсірген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

– Полиция есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру және есірткі заттарын сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Полиция өңірдегі есірткі қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр, – делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, Алматыда есірткі саудасына дайындалған 130 орама тәркіленгенін жаздық.

Сондай-ақ Жамбыл облысында 376 тонна жабайы қарасора жойылды.