11:37, 05 Қаңтар 2020 | GMT +5
Өскемен тұрғыны өрт кезінде көршісін құтқарды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен тұрғыны көршісін құтқарып, пәтердегі өртті көлікке арналған өрт сөндіргішпен сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап.
4 қаңтар күні 13 сағат 48 минутта Протозанов көшесінің бойындағы көппәтерлі тұрғын үйде өрт шыққан. Екінші қабатта орналасқан пәтерде 0,2 шаршы метр ағаш жиһаз құрылымы жанған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін оны көршісі Руслан Бабатаев сөндірген.
«Руслан көлігінен өрт сөндіргішті тауып алып, жалынды сөндіріп үлгерген. 1969 жылғы пәтер иесін көк түтінге оранған пәтерден алып шыққан. «Жедел жәрдем» қызметкерлері зардап шегушіні №1 қалалық ауруханасына жеткізіп, кейін ол орта деңгейде иісті газдан улану диагнозымен токсикология бөліміне жатқызылды», - деп түсіндірді ТЖБ-да.

Өрттің шығу себебі бойынша екі нұсқа қаралып жатыр: отты абайсыз қолдану, мас күйде темекі шегу.
2020 жылдың 3-5 қаңтары аралығында Өскеменде 4 рет өрт шықты.
Автор:
Орал Ерланұлы