Өскемен тұрғыны спорттық жабдық алмақ болып, алаяққа 10 млн теңге берген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны спорттық жабдықтар алуға көмектесетіндігін айтқан алаяққа 10 млн теңге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен тұрғыны спорттық жабдық алмақ болып, алаяққа 10 млн теңге берген

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына жергілікті кәсіпкерлердің бірі жүгінген. Өз сөзінде ол спорттық жабдықтар алуға көмектесетіндігін айтқан бейтаныс жігітке 10 миллион теңге бергенін жеткізді.

«Ақша қолына тиген соң алаяқ мүлде хабар-ошарсыз кеткен. Арыз түскен соң полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Соның нәтижесінде 25 жастағы күдікті ұсталды. Жауап алу кезінде ер адам өз кінәсін толықтай мойындап, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап тастағанын айтты», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салсақ, осыған дейін автокөлік алмақ болған өскемендіктің алаяққа 2,6 млн теңге бергенін хабарлаған едік.