Өскемен тұрғынына үй алуға көмектесетіндігін айтқан алаяқ 11 млн теңге пайда көрген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны үй аламын деп алаяқтың қолына 11 млн теңге ұстатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен тұрғынына үй алуға көмектесетіндігін айтқан алаяқ 11 млн теңге пайда көрген

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 102 жедел арнасына 35 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Ер адам тұрғын үй сатып аламын деп алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді.

«Белгілі болғандай, жәбірленушіні әңгімеге тартқан танысы 50/50 деген бағдарлама бойынша пәтер сатып алуға көмектесе алатындығын айтқан. Бұған сенген азамат оған 11 650 000 теңге берген. Алайда айласын асырған алаяқ үйді де алып бермеген, ақшасын да қайтармаған», - делінген ақпаратта.

Тәртіп сақшылары қысқа уақыт ішінде күдіктіні ұстады. Жауап алу кезінде банкте жұмыс істейтін 37 жастағы ер адам өз кінәсін мойындаған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, онда ол үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.