13:17, 15 Қараша 2022 | GMT +5
Өскемен тұрғынынан 1 келіден астам синтетикалық есірткі табылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент полициясы сөмкесінде ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тасымалдаған Өскемен тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында күдік тудырған Өскемен қаласының тұрғынын байқаған. Оның сөмкесінен салмағы 1 келіден асатын синтетикалық есірткі болған.
Сараптама қорытындысы аталған заттың мефедрон есірткі заты екендігін анықтады. Жалпы салмағы – 1 келі 151 грамм.
«Бүгінде аталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Атап өту қажет, 29 жастағы азамат бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған. Ал оның бұл әрекеті қолданыстағы заңға сәйкес ауырлататын мән-жай болып табылады және ол үшін оған қатаң жауапкершілік қарастырылған», - делінген полиция хабарламасында.Фото: polisia.kz