Өскемен және Шүлбі ГЭС-терінің мемлекетке тиесілі үлесі «Самұрық-Қазына» қорына берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен» және «Шүлбі» гидроэлектр стансаларының мемлекетке тиесілі үлестері «Самұрық-Қазына» қорына берілетін болды. Бұл туралы Үкіметтің қаулысында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен және Шүлбі ГЭС-терінің мемлекетке тиесілі үлесі «Самұрық-Қазына» қорына берілді

«АЭС Өскемен ГЭС» және «АЭС Шүлбі ГЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің мемлекеттік қатысу үлестері ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының оң салалық қорытындысын алған жағдайда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының акцияларын төлеуге берілсін», - деп жазылған құжат мәтінінде.

Аталған қаулыны іске асыру үшін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен Энергетика, Ұлттық экономика министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті шаралар қабылдауы керек.

Құжатта осыған байланысты Үкіметтің бұған дейін қабылданған кейбір шешімдеріне түзету енгізілетіні де айтылған.

Фото: earthpossible.com