Өскеменді айналып өтетін жол салуға 50 млрд теңге қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Ресей мен Қытай бағытындағы транзиттік жүк көліктерін Өскемен қаласына кіргізбей өткізетін айналма жол салу жобасы қарастырылып жатыр. Жобаның алдын ала құны 50 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа жол салу қажеттілігі шекарааралық жүк тасымалының артуына байланысты туындаған. Қазір Ресей мен Қытай арасында қатынайтын ауыр жүк көліктері Өскемен арқылы өтуге мәжбүр.
Күн сайын қала көшелерімен өтетін жүк көліктері жол жабынының тозуына, негізгі даңғылдарда кептелістің көбеюіне және тұрғын аудандардағы экологиялық жағдайдың нашарлауына әсер етіп отыр.
Жоспарланған айналма жол транзиттік көлік ағынын қаланың орталық бөлігінен сыртқа бағыттауға мүмкіндік береді.
– Жобаны іске асыру Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы бағытында қатынайтын транзиттік жүк көліктерін Өскеменнің көше-жол желісін айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл қала ішіндегі негізгі жолдарға түсетін көлік жүктемесін айтарлықтай азайтып қана қоймай, жол қозғалысының қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді, – деді Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Сұлтанов.
Жаңа магистраль қаладағы жөндеуден өткен жол өткелдері мен көпірлерді шамадан тыс жүктемеден қорғауға, сондай-ақ шекара маңындағы кеден бекеттері арасындағы жүк тасымалын жеделдетуге ықпал етпек.
Қазір жоба егжей-тегжейлі пысықталып жатыр. Мамандар жолдың оңтайлы бағытын анықтап, экономикалық есептеулер жүргізуі және құрылысты бастау үшін қаржыландыру көздерін белгілеуі тиіс.
Әзірге құрылыс жұмыстарының басталу мерзімі нақтыланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы – Өскемен автожолының 21 шақырымдық жаңартылған бөлігінде көлік қозғалысы ашылған болатын. Жолдың негізі нығайтылып, үш қабатты асфальтбетон жамылғысы төселген.