Өскеменде 1 ақпаннан бастап жылу тарифі өзгереді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ақпан айынан бастап жылу тарифі өзгереді.

Өскеменде жылу бағасы ақпан айынан бастап 19%-ға өседі. «Шығыс жылу» АҚ алғашқыда тарифті 26% өсіруді сұраған. Алайда ШҚО табиғи монополияларды реттеу департаменті бұл ұсынысты құптамады. Бұған дейін жылу бағасы өткен жылдың қарашасында ғана көтерілген.
Жаңа тарифтер:
• Ортақ есептеу құрылғысы бар пәтерлер – 3 992 тг/Гкал
• Есептеу құрылғысы жоқтар – 5 670 тг/Гкал
• Көлемі 100 шаршы метрден асатын жер үйлер – 4 391 тг/Гкал (құрылғысы бар), 6 237 тг/Гкал (құрылғысыз)
• Көлемі 200 шаршы метрден асатын үйлер – 7 926 тг/Гкал
Құрылғысы бар бюджеттік ұйымдар – 25 729 тг/Гкал, құрылғысыз – 38 593 тг/Гкал төлейді. Кәсіп иелері үшін жаңа тарифтің құны – 13 366 тг/Гкал.
«Шығыс Жылу» АҚ басқармасы жылу бағасын өсуіне жылу желілерінің 63%, қазандықтықтардың 69% тозуы себеп деп отыр. Одан басқа көмір мен электр энергиясының қымбаттауы және мамандардың жетіспеуі де тариф бағасының өсуіне ықпал еткен.
- Компанияда жылумен үздіксіз қамтамасыз етуші 753 маман жұмыс істейді. Алайда жалақының аздығынан 159 қызметкер жұмыстан кеткен. Оның ішінде 100-ден астам жұмысшы, 49 маман және 10 басшы бар. Техникалық қызметкерлердің еңбекақысы 190 мың теңгеден аспайды, - деді «Шығыс Жылу» АҚ техникалық директоры Асхат Бұқатов.
«Шығыс Жылу» АҚ 2025 жылы 7,5 млрд теңгені жылумен жабдықтау жүйесін жаңартуға жұмсамақ. Атап айтқанда, қаражаттың 54% жылу энергиясын сатып алуға, 24% қызметкерлердің жалақысын көтеруге, 15% желілер мен қазандықтарды жаңартуға, 7% отынға жұмсалады.
Бөлінген қаржы Жаңа Ахмер ауылындағы қазандықты жаңарту және жылу желілерінің 14 участкесін жөндеуге де құйылмақ. Бұл жүйенің тозуын төмендетіп, көмір шығынын 841 тоннаға азайтады.
- Сондай-ақ «Өскемен ЖЭО» компаниясы және «Шығыс Жылу» 4,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат күрделі жөндеуге жұмсалады, - деді ШҚО бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Мүсіпова.
Тариф бағасын өсуі тұрғындарға салмақ салары анық. Сол үшін ортақ есептеу құрылғыларын орнату тиімді. Нәтижесінде баға бірден 30% төмендейді. Сондай-ақ есік, терезелерді жылуды ұстайтындай етіп қаптау, бөлме температурасын реттеп отыру жылу қажеттілігін азайтады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан қалаларында жылу бағасы қанша тұратынын жазғанбыз.