Өскеменде 11 мониторинг тобы үй маңындағы дүкендерде азық-түлік бағасын тексеруде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында үй маңындағы дүкендерде азық-түлік бағасы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде 11 мониторинг тобы үй маңындағы дүкендерде азық-түлік бағасын тексеруде

Қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінен құрылған 11 мониторингтік топ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермес үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Қаңтар айында олар ірі сауда орындарын тексерген. Ал бүгінде үй маңындағы шағын дүкендердегі бағаны бақылауда.

«Кәсіпкерлерге сауда қызметі туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың құны өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан асырылмауы керек. Дүкен иелеріне осы тауарлардың тізімін беріп, бағаны рұқсат етілген шектен көтеріп жібергендерге ескерту жасалуда», - деді Өскемен қалалық мәслихат хатшысы Александр Светаш.

Оның айтуынша, қазір шаһар бойынша 944 шағын азық-түлік дүкені бар. Рейдтер кезінде олардың барлығы қамтылмақ. Қазіргі уақытта 150 дүкен тексерілді.