БҚО ауылында электр сымының үзілуі салдарынан мал өлімі де тіркеліп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округіне қарасты елді мекендерде электр жарығы жиі сөнеді.
Ақжол ауылдық округінің әкімі Бекболат Қаленовтің мәлім еткеніндей, округ орталығы Ілбішіннің өзінде ауылішілік электр желісі тозған, сымы үзіліп, бағаналары ескіріп тұр.
Оның сөзіне қарағанда, жауын-шашын күндері, қысқы мезгілдегі боранда электр желісін тұрақты тұтыну қиындық туғызады. Сымның үзілуі салдарынан өткен жылы 1 жылқы, биыл алты қой тоққа соғылып өлді.
Ілбішін ауылында 14 көше, 1 223 тұрғын (363 аула), 10 әлеуметтік нысан бар. 2025-2026 жылғы қыс айларында жылыту маусымын қалыпты өткізу бойынша мәселе болды. Жарық жиі сөнді. Чапаев аудандық электр торабының қызметкерлері күндіз-түні жұмыс істеді.
- Осы мәселе бойынша аудандық, облыстық қоғамдық кеңеске, "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ға бірнеше мәрте хат жазылды. Хат нәтижесінде компания Ілбішін қосалқы станасынан Алтын орда көшесіне дейін 34 жаңа бағана орнатып, 110 квт желі тартып, жаңа трансформатор орнатты. Нәтижесінде С.Датұлы, Бейбітшілік, С.Сейфуллин, Нарын көшелеріндегі тұрғын үйлерге жарық тұрақты әрі қалыпты беріле бастады. Бұл жұмыс 2025 жылдың желтоқсан айында басталып, биылғы маусым айының алғашқы онкүндігінде аяқталды. Енді осы желіге Қаршы жалпы орта білім беретін мектебін қосу жоспарлануда. Сондай-ақ аудан әкімдігі "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясымен" бірлесіп жағдайы сын көтермейтін бірнеше көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді ойластыруда. Оған қоса қомақты қаржыға Ілбішін ауылындағы электр желісін толық реконструкциялау жұмыстары күтілуде, - дейді Б.Қаленов.
Ауыл әкімінің айтуынша, желілер ескіргендіктен, жарықтың сөнуі салдарынан жанып кеткен тұрмыстық техникалар бар. Тұрғындарды осы мазалайды. Қыс өз алдына, жаздың ыстық күндері де қиындық туғызу мүмкін. Өйткені қазіргі таңда әр үйде бір-бір кондиционер, 2-3 тоңазытқыш бар. Техникалардың бәрі қосылғанда, желілер, қосалқы станса бұл салмақты көтере алмай тұр. Салдарынан Ілбішін қосалқы стансасы ажырап, Ілбішіннің өзінде, округке қарасты Қабыл, Тінәлі елді мекендерінде жарық сөнеді.
Осы мәселеге байланысты жауап берген БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин аталмыш ауыл бойынша "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-мен электр желілерін күрделі жөндеу қарастырылып жатқанын жеткізді.
- Өткен қыста Ілбішін ауылында электр жарығының жиі сөнгені рас. Мал өлімінің тіркелгені туралы мәліметтер де бар. Электр желілері үзілген кезде «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясымен» ақауларды жойып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, облыс бойынша компанияның әр түрлі кернеу деңгейлеріндегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 21 мың шақырымнан асады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша желілердің тозу деңгейі 75,4 пайызға жетіп, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымындағы негізгі мәселелердің біріне айналып отыр, - деді Б.Мусин.
Басқарма мәліметі бойынша облыстың қосалқы станцияларының қолда бар бос электр қуаты – 315,5 МВт. Оның ішінде Орал қаласы бойынша – 110 МВт, аудандарда – 205,5 МВт. Бұл көрсеткіш өңірде жаңа өндірістік нысандарды, кәсіпкерлік жобаларды және тұрғын үй құрылыстарын электр желілеріне қосуға қажетті резервтің бар екенін көрсетеді.
Қолданыстағы желілердің тозуын төмендету және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын, 501 шақырым электр желісін қайта құру бойынша үш жобаны жүзеге асыру басталды. Қазіргі уақытта тіректер мен әуе желілерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде, мұның жалпы орындалуы – 78 пайыз.
- Сондай-ақ биыл жалпы құны 16,5 млрд теңге 1 113 км электр желілерін және 2 қосалқы станцияны қайта құруды көздейтін 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобаларды жүзеге асыруға 4,7 млрд теңге (жалпы құнының 30 пайызы) көлемінде қаржы қарастырылды, - деп қосты басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда энергетика саласын жаңғырту бағытында не істеліп жатқанын жазған едік.
БҚО-да ұлттық жоба аясында энергетикалық нысандар жаңғыртылып жатқаны хабарланды.