Өскеменде 25 жастағы жігіт саяжайын есірткі зерханасына айналдырған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында саяжайда есірткі өсіріп келген ер адам ұсталды.

полиция
Фото: ШҚО Полиция департаменті

Полиция қызметкерлері «Қарасора» жедел алдын алу шарасы барысында 25 жастағы өскемендікті ұстады. 

«Ер адам өз үйінің саяжайында тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған, арнайы шамдармен, желдеткіштермен және термометрлермен жабдықталған зертхана құрған. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан қарасора бұтасын және өсімдік тектес заттарды тәркіледі», - делінген ШҚО Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Тәркіленген қарасораның салмағы 600 грамнан, марихуананың салмағы 750 грамнан асады.

Күдіктіге қатысты есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өткізу мақсатынсыз заңсыз өсіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, бұған дейін Өскемен қаласындағы дәмхана алдына мүрде кейпіндегі муляжды іліп қойған кәсіпкерге айыппұл салынғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар