Өскеменде 3 жасар бала бесінші қабаттан құлап көз жұмды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қайғылы оқиға 5 маусым күні қала іргесіндегі Күленов кентінде болған.
«3 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап кетіп, бірден сол жерде көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бала терезеден құлап кетпес үшін не істеу керектігін түсіндірді.
«Қайғылы оқиға ата-аналар үлкен балаларына кішілерін қарауды тапсырған кезде болады. Кейбіреулер тіпті бес жасар баласына бір жасар бүлдіршінге бас-көз болуды тапсырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бала ересектер сияқты жауапкершілікті сезіне алмайды. Кейбір ата-аналар кішкентай балаларын көшеге, құстарға, көліктерге қарату, әкесіне немесе шешесіне қол бұлғау үшін терезе алдына өздері шығарады. Соның салдарынан бала биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді», - дейді ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенко.
Балалар москит торына сүйеніп, терезеден құлап кетуі мүмкін. Шыбыр-шіркейді үйге кіргізбейтін москит тор ешқашан балаларға қорған бола алмайды. Керісінше ондай тор қайғылы жағдайға себепкер болады. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезінеді де оған сүйенеді.
Қайғылы оқиғаның алдын алғыңыз келсе:
- балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- пәтер терезелеріне арнайы қорғаныс құралдарын орнатыңыз;
- бала өздігінен аша алмайтындай етіп терезе тұтқасын құлыптаңыз;
- баланың терезе алдына шығуына жол бермес үшін жиһаздың барлық түрін терезелерден алысқа қойыңыз;
- баланы терезе алдына шығарып, көшеде не болып жатқанын көрсетуге үйретпеңіз. Ол сіз жоқта соны қайталауы мүмкін;
- балаларға ересектердің қарауынсыз балконға шығуға рұқсат бермеңіз.