Өскеменде 30 млн теңге салық төлемей қашып жүрген кәсіпкер ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында полиция қызметкерлері 30 млн теңге салық төлемей қашып жүрген кәсіпкерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында қомақты қарызы бар 32 жастағы кәсіпкерді тапты.
«Белгілі болғандай, кәсіпкерлікпен айналысқан ер адам уақытылы салық төлемегендіктен борышы 29 799 087 теңгеге жеткен. Ол басқарып келген ЖШС сот шешімімен банкрот болып танылып, субсидиарлық жауапкершілікке тартылған. Алайда сот орындаушысы борышкерді таба алмады. Сөйтіп, кәсіпкерге іздеу жариялаған», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Полицейлер мен көші-қон қызметінің мамандары бірлесіп, борышкердің мекенжайын анықтады.
Көп ұзамай ер адам ұсталған.
Қазіргі уақытта іспен сот орындаушысы айналысып жатыр.