Өскеменде «Абайдың құқықтық көзқарастары және «Қарамола ережесі» атты семинар өтті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Абай күніне орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Абайдың құқықтық көзқарастары және «Қарамола ережесі» атты онлайн семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде «Абайдың құқықтық көзқарастары және «Қарамола ережесі» атты семинар өтті

Вебинарда С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлегеннің «Абайдың құқықтық көзқарастары және «Қарамола ережесі» атты монографиясының таныстырылымы болды.

Аталған ғылыми еңбекте Абай Құнанбайұлының қазақтың бұрынғы билік жүйесіне айтулы өзгерістер енгізіп, өз алдына заң жазып, оны іс жүзінде орындап, «Төбе би» болғаны дәлелденген.

Сондай-ақ хакімнің 1885 жылы жазған «Қарамола ережесі» мен құқықтық көзқарастары арнайы қарастырылған. Атадан балаға мирас болып келе жатқан әдет-ғұрып негізінде жасалған ереже - қазақтың құқық тарихында тұңғыш рет тасқа басылған құжат. Бұл ХІХ ғасырдың аяқ кезіндегі ел тарихында болған айтулы оқиғаның бірі.

«74 баптан тұратын Абайдың «Қарамола ережесінде» әділдікке, береке-бірлік пен тыныштыққа бастаған тәртіптер мен нормалар берік сақталған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген кітап құқық, заң саласының мамандарына, студенттерге, жалпы көпшілік қауымға арналған», - дейді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Онлайн форматта өткен шараға қазақстандық және шетел ғалымдары, ұстаздар, білім және мәдениет салаларының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, магистранттар мен студенттер қатысты.