Өскеменде африкалық екі мұғалім домбыра шертіп, қазақша ән айтады

домбыра
Фото: Талғат Әбішевтің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Николас Каемба мен Алиу Муантага Африкадан Қазақстанға келіп, Өскемендегі мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп жүр.

Бірде домбыра шертіп отырған оқушыны көріп қалған олар қазақтың ұлттық аспабына қызыға кеткен. Ал бұны естіген домбыра мұғалімі Талғат Әбішев екеуіне қуана-қуана үйретуге келісті. Қазір африкалықтар аспапта ойнап қана қоймай, ән де салады.

Оңтүстік Африкадағы Уганда елінің азаматы Николас Каемба Өскемен қаласындағы «Нұрорда» мектеп-лицейінде ағылшын тілін оқытып жүргеніне 8 ай болды. Алғаш рет өз елінен шығып Қырғызстанға жұмысқа барған. Содан соң 4 жыл Түркияда еңбек етіпті.

«Қазақстаннан шақырту түскен соң көп ойланбай келістім. 2023 жылдың қыркүйек айынан бері осындамын. Орталық Азия елінде бірінші рет емеспін. Сондықтан да мұндағы қонақжайлылықты, менталитетті білемін. Қазақ халқының өз салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін құрметтейтінін, бағалайтынын көрдім. Бұл өте дұрыс», - дейді Николас Каемба.

Ал Алиу Муантага Батыс Африкадан келген. Қазақстан ол үшін туған жерінен аттап басқан алғашқы шет мемлекеті болып отыр. Сондықтан да оған барлығы таңсық.

«Маған елдеріңіз ұнап жатыр. Әсіресе бай мәдениеттеріңіз бен халықтың мейірбандығын атап өткім келеді. Домбыраға қалай қызыққанымыз жайлы айтар болсам, бірде мектеп дәлізінде келе жатқанбыз. Қолына бір аспапты ұстап, шертіп отырған баланы көріп қалдық. Дауысы қатты ұнады. Ерекше әсер сыйлайды екен. Кейін бұл аспаптың домбыра екенін біліп, өзімізге неге шертуді үйреніп алмасқа деп ойладық», - дейді Алиу Муантага.

Талғат Әбішев «Жұлдыз» өнер мектебінде жұмыс істейді. Биылғы оқу жылынан шақыртумен «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушыларына домбыра үйірмесінен сабақ бере бастаған. Николас Каемба мен Алиу Муантаганың қос ішекті аспапқа қызығушылығы барын естігенде үйретуге қуана-қуана келісе кеткен.

«Қаңтар айынан бері аптасына бір рет жарты сағаттан үйретіп келемін. Өзім ағылшын тілін білмегендіктен басында аздап қорыққаным рас. Бірақ Николас орысша жақсы сөйлейді екен. Уақыт өткен сайын нәтиже байқалуда. Әріптестеріме наурыз айынан халық әндерін де үйретуге көштім. Күнде Whatsapp мессенджері арқылы «Гүлдерайым» әнінің бір-бір сөзінен жіберіп отырдым. Николас пен Алиу оны жаттап, ағылшыншаға аударып, мағынасын да түсініп алады», - дейді Талғат Әбішев.

Оның айтуынша, екеуінің де қабілеттері бар. Николас барабанда ойнай біледі екен.

«Олар өте еңбекқор. Үйретуге жеңіл болды. Екеуі де өздеріне домбыра сатып алды. Үйде де шертіп, үйренгендерін бекітіп, күн сайын шабытпен келеді», - дейді домбыра мұғалімі.

Осылайша, қазір Николас Каемба мен Алиу Муантага «Гүлдерайым» мен «Бала-бала» әндерін домбырамен айта алады. Енді халық күйі «Тепеңкөкті» үйренуде. Осы күні күйдің жартысын шертіп тұр. Алда одан кейін тағы басқа әндер мен күйлерді үйренуге ниетті.

«Қазақстандықтарды 1 мамыр – Бірлік күнімен құттықтаймыз! Бейбітшілік пен өркендеу тілейміз. Ұлттық аспаптарыңызды үйреніп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Алға қарай дами беріңіздер», - дейді Алиу Муантага.

Соңғы жаңалықтар