Өскеменде Әкелер форумы өтті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында алғаш рет Әкелер форумы өтті.
Бүгінгі әкелер күніне орай Өскеменде Әкелер форумы өтті. Ондағы негізгі мақсат – әкенің отбасындағы рөлін арттыру. Форумға білім, құқық қорғау салаларының өкілдері қатысып, ұрпақ тәрбиесінде өзгелерге өнеге болған әкелер марапатталды.

«Шығыс Қазақстанда өтіп жатқан Әкелер форумын қолдау мақсатында Астанадан арнайы келдік. Мұнда бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңызы туралы сөз болды. Бала тәрбиесі тек ананың міндеті емес, әкеге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Тарихқа бойласақ, бұл ретте әкенің рөлі зор. Уақыт өте келе нарықтық экономиканың әсері ме екен немесе басқа да факторларға байланысты ма әйтеуір әкелердің бала тәрбиесінен қалыс қалғаны байқалды. Бүгінгі форумға қатысқан әрбір ер адам баласының өміріндегі өз орнын терең түсініп, ой қорытады деп сенемін», – дейді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қоғамдық байланыстар жөніндегі вице-президенті Арафат Әбдіхалықұлы.

Форум барысында өз отбасындағы тәрбиені өзгеге үлгі етіп, балалары әртүрлі салада жетістікке жетіп жүрген өңірдің өнегелі әкелері марапатталды.
«Шемонаиха ауданындағы Уба шипажайында әлеуметтік салада жұмыс істеймін. Қосымша бапкер ретінде шәкірттерді спортқа тәрбиелеймін. Үш қыздың әкесімін. Екінші қызым спорт шеберіне үміткер, республикалық турнирлердің бес дүркін жеңімпазы. Өзге балаларым мен шәкірттерімнің жетістіктерін айта берсем өте көп. Жалпы, әке балаға мейірімді, шыншыл, кейде қатал да бола білуі керек. Әке қыз баланы махаббатпен, ұл баланы қас-қабақпен тәрбиелеуі тиіс. Бұл біздің баба ғұрыптан тәрбиемізде бар үрдіс», – дейді шемонаихалық үлгілі әке Жасұлан Саясатқанұлы.