Өскеменде ақпан айдың басынан 500-ге жуық адам көктайғақтан зардап шекті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жарты айға жуық уақыт ішінде 500-дей адам көктайғақтан құлап, жарақат алған.
Қала тұрғындары көктайғаққа қатысты жаппай шағымданып жатыр. Ақпан айының басынан бері медициналық мекеменің жарақат бөліміне әртүрлі жарақатпен 700-ге жуық адам жүгінген. Оның 500-ге жуығы көктайғақтан зардап шекті.
-Адамдардың басым бөлігі тайғақ жерлерде құлап жарақат алған. Қалғандары жол-көлік оқиғалары, тұрмыстық және өндірістік жарақаттарға байланысты», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Әлеуметтік желілерде дүйім жұрт мұз басқан тротуарлар, баспалдақтар мен аула ішіндегі өткелдердің фото және видеоларын жаппай жариялап жатыр.
-Подъезден шығудың өзі мұңға айналды. Тротуарлар айнадай жылтырап жатыр, құм мүлде себілмеген, - дейді қала тұрғындары.
Халық көшелерді тазалау тәсіліне де наразылық білдіріп жатыр.
Олардың айтуынша, арнайы техника жолды қардан тазартқаннан кейін жиналған қар мен мұз жаяу жүргіншілер жолының жиегіне ығыстырылып, қозғалысқа кедергі келтіреді.
-Техника жолды тазалайды, бірақ бүкіл қар мен мұзды жол жиегіне үйіп кетеді. Соның салдарынан не жолдың үстімен жүруге, не үйілген қарды басып өтуге тура келеді, - дейді зейнеткер Әсия Ибраева.
Синоптиктер бұған дейін ауа температурасының күрт құбылуы көктайғақтың пайда болуына ықпал ететінін ескерткен болатын. Қала тұрғындары коммуналдық қызметтер тротуарларды тайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жұмыстарын күшейтіп, жаңа жарақаттардың алдын алады деп үміттенеді.
Еске салсақ, осыған дейін көктайғаққа байланысты Қарағанды облысының жолдарына 150 полицей тартылғаны хабарланған.