Өскеменде алаяқ қыз құрбыларының атынан 9 млн теңге несие алған
Өскемен қаласында құрбыларының атынан 9 млн теңге несие алған қыз ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға жүгінген 23 жастағы қала тұрғыны алаяқтыққа тап болғанын жеткізді.
Өз сөзінде ол құрбысының алдап, 3 200 000 теңгеден астам сомаға онлайн несие ресімдегенін айтты.
Жәбірленуші несие туралы банк қызметкерлері қоңырау шалған кезде ғана білген.
Арыз түскен соң тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Соның нәтижесінде 22 жастағы күдікті ұсталып, бөлімшеге жеткізілді.
Тергеу барысында қыздың осыған ұқсас тағы 2 алаяқтық жасағаны анықталды.
«Ол екі құрбысынан қоңырау шалып алу үшін ұялы телефонын сұрап, кейін банк қосымшасы арқылы 1 және 5 млн теңгеге несие рәсімдеп, ақшаны өз шотына аударған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - делінген ақпаратта.