Өскеменде алкоголь өнімдерін қолдан жасаумен айналысқан тағы бір цех жабылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрамында спирті бар өнім Өскемен қаласындағы өндірістік базалардың бірінде ұйымдастырылған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Цехтың қызметкерлері суррогатты алкогольді антисанитариялық жағдайда спиртке су, түрлі бояулар мен дәмдеуіштер қосу арқылы жасап отырған. Бөтелкелерге жалған акциздік маркалар мен түрлі отандық арақ-шарап шығаратын зауыттардың этикеткалары жапсырылған.
Екі цехтың ішіне тінту жүргізу барысында 16 мыңнан астам өткізуге дайын тұрған қолдан жасалған алкоголь өнімі, 715 литр спирт, 15 мыңнан аса жалған акциздік маркалар алынды», - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта заңсыз әрекетке қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, Өскемен қаласының көтерме қоймаларының бірінен 49 мың бөтелкеден астам мөлшерде өндірушілері мен атаулары әртүрлі алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау дерегі анықталған болатын .