03:06, 06 Ақпан 2024 | GMT +5
Өскеменде алты бірдей көлік соқтығысып, 5 адам зардап шекті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы орталық көшелердің бірінде алты көлік соқтығысып, 5 адам, оның ішінде 1 бала зардап шекті.

Жол апаты қаладағы Әуезов даңғылында болған.
«Ssanq Yong автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі М.Горький көшесінен Әуезов даңғылына шығып келе жатқанда Mitsubishi көлігімен соқтығысқан. Сол соққыдан кейін жол-көлік оқиғасына екі ГАЗ, Lexus және Lada Granta көліктері де тап болды. Ssanq Yong жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 5 адамға, оның ішінде бір балаға медициналық көмек қажет болды. Абырой болғанда, ауыр жарақат алған ешкім жоқ.