15:45, 11 Шілде 2022 | GMT +5
Өскеменде арзан бағаға қант сататын алаяқтар пайда болды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғындарын қантты арзанға сататындықтарын айтып алдайтын алаяқтар пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, соңғы уақытта Өскеменде корпорация атын жамылған белгісіз біреулер тұрғындарға қантты арзан бағамен сатып алуды ұсынып қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп жатыр. Олар азаматтарға қантты сатып алу үшін тиісті соманы банк картасына аударуды сұрайды.
«Компания қызметкерлері мұндай заңсыз әрекеттерге бармайды. Сондықтан азаматтарға әркез абай болуды және осындай қоңыраулар немесе хабарламалар түскен жағдайда бірден құқық қорғау органдарына жүгінуді сұраймыз», - делінген ақпаратта.
Компания дерегінше, әлеуметтік маңызы бар өнімдер, оның ішінде қант қатаң түрде тұрақтандыру қорының павильондарында және «Ертіс» ӘКК АҚ-мен серіктес дүкендерде сатылады.
Фото: anacamores.wordpress.com