Өскеменде әскерилер дәл Жеңіс күнінде 101 жасқа келген соғыс ардагерін құттықтады

ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскеменде тұратын Анастасия Светочева биыл 9 мамыр күні 101 жасқа толды.
Жылда туған күнін Жеңіс күнімен қатар тойлайтын ардагерді 3477 әскери бөлімінің командирі, 5518 әскери бөлімінің сарбаздары мен оркестрі және «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының оқушылары арнайы құттықтап қайтты. Ғасыр жасаған ардагердің ауласында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, Жеңіс күнін еске алды.

«Сол кездегі әндер ешқашан ұмытылмайды. Біз «Катюша», «Үш танкист» әндерін шырқайтынбыз. Бәрі есімде. Ең бастысы, аспанымыз ашық болып, бейбітшілік болсын. Ал, жастарға денсаулық, бақыт тілеймін!, - дейді ардагер кейуана.

«Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежелі кавалері Анастасия Светочева соғыста әскери байланысшы болған. 101 жасқа толса да, әлі тың. Соғыстағы жерлестерінің ерлігі мен бейбіт өмірдегі тірлігін естен шығармаған. Тіпті, алғашқы әскери билетін көзінің қарашығындай сақтап келеді. Соғыс жылдарындағы негізгі ұрыстардың уақыты мен өткен жері де осы күнге дейін әлі есінде.
«Ардагерлеріміздің арқасында аспанымыз ашық, күніміз бейбіт. Олардың ерлігі – біз үшін үлгі, өмірлері – өнеге», - дейді 344 әскери бөлімінің офицері капитан Дархан Мұхтариев.
