Өскеменде ата-анасының қарсы болуы себепті жаңа туған 45 нәрестеге туберкулезге қарсы екпе салынбаған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында биыл ата-анасының бас тартуына байланысты жаңа туған 45 нәрестеге туберкулезге қарсы екпе салынбады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Өскеменде 4446 бала дүниеге келген.
Оның ішінде 45 нәрестенің ата-анасы перзентханада БЦЖ екпесін салдыртудан бас тартқан. Көп жағдайда олардың екпе салдыруға келіспеуіне вакцинаның тиімділігі туралы білместігі себеп болып отыр.
«Амбулаториялық деңгейде жүкті әйелдер арасында жаңа туған нәрестелерге туберкулезке қарсы екпе салу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Егер анасы перзентханадан шығарда баланы вакциналаудан бас тартса, онда емхана деңгейінде екпенің пайдасы туралы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыратын дәрігерлер топтары құрылуы тиіс, - дейді ШҚО бас физиатры Райфа Сафиоллинова.