Өскеменде ауаға бериллий шоғырының таралуы тіркелмеді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - «Казгидромет» РМК-ның ШҚО-дағы филиалының хабарлауынша, 2016 жылы 22 наурызда Өскемендегі Делегатская 28 мекенжайы бойынша тәулігіне екі мәрте - сағат 12:55-те және сағат 14:20-да жылжымалы шағын әмбебап газанализаторды пайдалана отырып қосымша ауа сынамасы алынған.
Сынама қорытындысында, «қол» әдісімен анықталатын қоспалардың жоғары-бір реттік ұйғарынды шегінен асып кетуі тіркелмеген. Күшәланың (мышьяк) және оның органикалық емес қосындылары және формальдегидтің мөлшері анықталу деңгейінен төмен. Ауада бериллий шоғыры тіркелмеді, деп хабарлайды өңірлік ақпараттық орталық.
Еске сала кетсек, 22 наурызға қараған түні Үлбі металлургия зауытының қоймалық ғимараттарының бірінің шатыры өртенген. Өрт сөндірушілер 12 сағат бойы өртті сөндірді. Берилий өндірісі қоймасының 300 шаршы метр шатыры өрттен зардап шекті.