Өскеменде ауыл әкімдерінің тұңғыш республикалық форумы өтуде
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар 1066 елдімекеннің өз бюджеті болатынын еске салып өтті. Мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті енгізіледі. Ал 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық 2444 әкімшілік-аумақтық бірлігіне дербес бюджет енгізіледі.
Сондай-ақ, форумда ақпараттық жүйенің бюджеттің төртінші деңгейін іске асыруға дайындығы, халықты жергілікті деңгейде бюджеттік процеске тарту, ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіне жетекшілік ету және тағы басқа мәселелер айтылды.
Шын мәнінде, Елбасының ауылдық округтердің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу туралы «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының 98-інші қадамын жүзеге асыруға аз ғана уақыт қалды.
Айта кетейік, елдің шығысында келесі жылдың қаңтарынан бастап 100 әкімшілік аумақтықта жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу жоспарланып отыр.