Өскеменде автобуста баланың тегін жүретін арнайы картасы болмаса кондуктор оны түсіріп тастай ала ма

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында әлеуметтік желілер мен мессенждерлерде баланың арнайы картасы болмаса кондукторлар оны түсіріп тастайтындығы туралы ақпарат тарап жатыр. Бұған қатысты қала әкімдігінен жауап берді.

Өскеменде автобуста баланың тегін жүретін арнайы картасы болмаса кондуктор оны түсіріп тастай ала ма
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Бүгінде Өскеменде 18 жасқа дейінгі балалар автобуста тегін жүреді. Алайда ол үшін қоғамдық көлікке кіргенде тиісті картаны электронды билеттеу жүйесінің валидаторына тигізу керек. Сонда баланың автобусқа мінгені тіркеліп, тасымалдаушыға ақыны әкімдік төлейді.

— Егер баланың қандай да бір себеппен балаларға арналған көлік картасы болмаса онда тегін жүру үшін өзінің жасын растайтын құжатты көрсетуі тиіс. Ал мұндай құжат болмаған жағдайда, бала жолақысын төлеуге міндетті. Бірақ қандай жағдай болмасын, заң бойынша кондукторлар мен жүргізушілердің баланы немесе жасөспірімді автобус пен трамвайдан түсіруге құқығы жоқ, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, «Көлік туралы» заңда «ата-анасыз және (немесе) заңды өкілінсіз жүрген, 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады» деп жазылған.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда автобустың терезесін сындырған күдікті ұсталғаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар