Өскеменде автокөлік ұрлығы 25 пайызға артты


ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында автокөлік ұрлығы көбейген. Қалада биыл тіркелген көлік ұрлығы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Тіркелген қылмыстарға жүргізілген талдау көрсеткендей, көп жағдайда ұрлыққа автокөлік иелерінің өз немқұрайлығы себеп болып отыр.

Автокөлік ұрлығы
Фото: pixabay

— Көп жағдайда жүргізушілер көліктерін құлыптамай қалдырып, кілттерін салонда ұмытып кеткен немесе көлікті жақын танымайтын адамдарға берген. Мұндай салғырттық тек материалдық шығынға ғана емес, ауыр зардаптарға да әкелуі мүмкін, — деп хабарлады Өскемен қаласы прокуратурасынан. 

Мәселен, биыл сәуір айында автокөлік ұрлығы қайғылы жол-көлік оқиғасына себеп болды. Жол апаты салдарынан көлік ұрлаған адам мен басқа бір жүргізуші қаза болып, тағы бір жолаушы ауыр жарақат алған.

Осы ретте, прокуратура қызметкерлері көлік иелерін барынша мұқият болуға шақырды. 

Еске салсақ, осыған дейін Аралда көшеде көлік тізгіндеген 6 жастағы баланың ата-анасына айыппұл салынғаны хабарланған.