Өскеменде әйел адамның полицияда 5 сағат тергеуден кейін көз жұмғаны жайлы ақпарат жалған
Әлеуметтік желіде Өскеменде әйел адамның 5 сағат бойы тергеуде болып, содан кейін көз жұмғаны жайлы ақпарат тараған болатын.
ШҚО полиция департаменті бұның шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.
«12 мамыр күні сағат 22:30 шамасында Ертіс полиция бөліміне хабарласқан қала тұрғыны үйінде бағалы затының жоғалғанын айтқан. Белгілі болғандай, сол күні арызданушының үйінде 59 жастағы әйел жұмыс істеген. Тергеу барысында полиция қызметкерлері оны түсініктеме алу үшін бөлімшеге шақырды. Әйел адам сағат 23:38-де Өскемен қалалық ПБ-ге келіп, жедел-тергеу тобын күтіп тұрған», - делінген ақпаратта.
Сағат 00:26-да әйел кезекшіге өзін жаман сезініп тұрғанын айтты.
Содан кейін бірден жедел жәрдем шақырылған.
«Бұның барлығы бейнебақылау камераларының жазбасы арқылы расталады. Қазір әйел адам гипертония диагнозымен медициналық мекемеде жатыр», - делінген хабарламада.