Өскеменде әйел баласына 1,5 млн теңге алимент төлемеген
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 24 жастағы әйел баласына 1,5 млн теңге алимент төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметіне жеке сот орындаушысынан өз баласын күтіп-бағуға алимент төлемейтін 24 жастағы анаға іздеу жариялау туралы қаулы келіп түскен.
«Көп ұзамай әйелдің Өскемен қаласында тұратыны анықталды. Белгілі болғандай, ол 4 жылдан астам уақыт ресми түрде жұмыс істемегендіктен, осыншама уақыт бойы баласына алимент төлемей келген. Бүгінгі таңда әйелдің баласына қарызы 1 500 000 теңгеден асып отыр. Енді ақшаны өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады», - дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер баласына алимент төлемеген 120-дан астам адамды анықтаған.