Өскеменде балабақша тәрбиешілеріне смартфон қолдануға тыйым салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен білім беру орталығы балабақшалардағы тәрбиешілер мен бала күтушілерге смартфон қолдануға тыйым салды, деп хабарлайды ustinka.kz.
«2016 жылы 30 қарашада өткен ШҚО Ата-аналар қоғамдастығы кеңесінің отырысында осындай шешім қабылданды. Мұндай қадам балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалды, тәрбиеші смартфонға алаңдамай, балалардың жығылып-құлап қалмауын қадағалауы тиіс», - деп хабарлады мекеме. Смартфон қолданбау туралы талап қаланың барлық мектепке дейінгі мекемелерінің тәрбиешілері мен бала күтушілеріне жіберіледі. Ата-аналармен сөйлесу үшін қызметкерлер қарапайым кнопкалы телефонды қолдануы тиіс. Ата-аналарға шектеу қойылмайды.