Өскеменде балаға сыра ішкізген құқықбұзушы іздестірілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында 23 шілдеде әлеуметтік желілерге тарап кетіп, көпшіліктің талқысына түскен фотоға қатысты тәртіп сақшылары тексеру амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Фотосуретке аулада ойнап отырған баланың аузына сыра бөтелкесін ұсынып жатқан ер адам түсіп қалған. Болжам бойынша, бөтелкенің ішінде сыра болуы мүмкін. Десе де, істің мән-жайын құқық қорғаушылар зерттеп жатыр.
«Ол фотоны тексеріп, оқиға болған орынды анықтадық. Фотосурет Өскемен қаласының аулаларының бірінде түсірілген. Қазіргі уақытта фотода көрсетілген адамдардың кім екені анықталу үстінде», - дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаев.
Құзырлы орган өкілінің айтуынша, жауапкершілікке тарту мәселесі құқықбұзушының кім екенін анықтағаннан кейін шешілетін болады.