Өскеменде Балалар жылына орай сурет көрмесі ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Балалар жылына орай «Қылқаламдағы көктем лебі» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстандағы Балалар жылы аясында «Қылқаламдағы көктем лебі» атты сурет көрмесі ашылды. Онда ҚР Суретшілер одағының мүшесі Құдаш Нұрсадықов жетекшілік ететін балаларға арналған «Сурет» бейнелеу өнері студиясына қатысушылардың еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.


«Сурет» бейнелеу өнері студиясы 2008 жылы ашылып, 2015 жылға дейін жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында қаншама шәкірт дайындалып, олардың алды жоғары оқу орындарының көркемсурет бөлімдерін тәмамдап, өнер жолында қызмет атқаруда. 2021 жылы Құдаш Дәулетханұлы мемлекеттік «Бала» бағдарламасы аясында «Сурет» студиясын қайта жаңғыртуға мүмкіндік алып, қазіргі таңда жас таланттар «Кескіндеме және бейнелеу өнері», «Қағаз моделдеу» бағыттары бойынша дағдыларын ақысыз жетілдіруде», - делінген кітапхана қызметкерлері таратқан ақпаратта.

Студияда балаларға алдымен бейнелеу өнерінің заңдылықтарын, әдістерін үйретіп, содан кейін ғана шығармашылық бағытта тақырыптық жұмыстар жасауға жетелей бастайды.

«Алғаш көпшілік назарына ұсынылып отырған жас суретшілердің туындылары – жылдың ең әсем маусымы мен Ұлыстың ұлы күніне арналды. Гуаш және майлы бояумен орындалған әдемі шығармалар көрерменге көктемдей шуақты көңіл-күй сыйлары сөзсіз.Талантты жас суретшілер көрмесі мамыр айының соңына дейін ел назарына ұсынылады», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар