Өскеменде балаларға арналған тегін сүт қоспасы таусылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен емханалары тегін берілетін Similac2 қоспаларын аналарға жазып бермейтін болған. Өйткені 1 жасқа дейінгі балаларға арналған бұл қоспа қоры таусылған, ал жаңасын алу үшін қайта конкурс өткізу керек. Алайда жеткізушілер тарапынан өтініш болмағандықтан, ондай конкурсты өткізу де мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды altaynews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, осыған байланысты қазір ата-аналарға аталған қоспаның орнына «Биолакт» айраны ұсынылып отыр. Бұл жағдай жас аналардың наразылығын тудыруда. Олардың көпшілігі баласы үйреніп қалған әдеттегі астан басқаға ауысқылары жоқ.
«Тендер өткен жоқ. Балалар азық-түлігін жеткізіп отырған фирма жабылып қалды, тендер өткізбекші болып тырысқанымызбен, жеткізушілерден өтініш болмады. Сондықтан тендер өткенше, «Биолакт» қоспалары берілетін болады», - деп түсіндірді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмек бөлімінің мамандары.
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің 4.11. 2011ж. № 786-шы бұйырығына сай көпұрықты жүктілікпен бірнеше сәби сүйген, студент бола жүре нәрестелі болған немесе ауыр сырқат түрлерімен ауыратын науқас аналар өз балаларына тегін түрде аталған қоспаларды алуға құқылы.
Сала басшыларының айтуынша, туындаған бұл мәселе тек осы айдың 20-нан кейін ғана шешілуі мүмкін.
Айта кету керек, дәл осындай келеңсіздік өңірде өткен жылы да болған.