Өскеменде бапкерлер мен спортшылар марапатталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында спорт күніне орай, бапкерлер мен спортшылар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Спорт күні теннис орталығы алдындағы алаңда аталып өтті. Әуелі дзюдо, еркін күрес, каратэ, бокс, баскетбол, футбол, көркем гимнастика сияқты спорт түрлері бойынша жас спортшылар өнерлерін көрсетіп, спорт мектептері жетістіктерін паш етті.

Сонымен қатар, барлық тілек білдірушілерді спорт секцияларына жазу шарасы өтті. SportFEST бағдарламасы аясында балаларға арналған спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада жақсы нәтиже көрсетіп жүрген бапкерлер мен спортшылар марапатталды. Ұлан ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақтан бапкері Бақытбек Оразаманов ҚР «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін иеленді.

Облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтовтың Алғыс хатын Рио-2016 Олимпиадасында қола медаль иеленген Денис Уланов, биыл жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған Дарын Әскербек, жақында ғана Ислам ынтымақтастық ойындарында үстел теннисінен қола медаль иеленген Денис Жолудев және былтыр батутты гимнастикадан жастар арасында әлем чемпионы атанған Игорь Грачев алды.

Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен бірқатар бапкер мен спорт саласынының маманы марапатталды.


Соңғы жаңалықтар