Өскеменде батпаққа батқан 69 жастағы қарияға құтқарушылар көмекке келді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында батпаққа батқан қарт кісіге құтқарушылар көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде батпаққа батқан 69 жастағы қарияға құтқарушылар көмекке келді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 тамыз күні сағат 19.04-те құтқарушыларға хабарласқан азамат көмек сұрады.

«Белгілі болғандай, ол Ломоносов көшесінің маңында Ертіс өзеніндегі батпақтан шыға алмай қалған. Оқиға орнына келген жедел құтқару жасағының қызметкерлері 69 жастағы зейнеткердің батпақтан шығарып, қайықпен жағалауға жеткізді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте департамент мамандары өңір жұртшылығына су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Түбі тексерілмеген және жақын жерде құтқарушылар бекеті жоқ жабдықталмаған орындарда шомылудан аулақ болған жөн.