Өскеменде белгісіз біреулер мектепке осымен төртінші мәрте «бомба қойды»

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында соңғы 8 күнде мектепке бомба қойылғаны туралы төртінші хабар түсіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 ақпан күні түскі уақытта полицияға Өскемендегі мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен.

«Мамандандырылған қызметтер дереу мектепке келіп жетті. Білім ордасының қызметкерлері мен оқушылар қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі уақытта ғимарат іші тексерілуде. Халықтан сабырлық танытуды және енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұл соңғы 8 күнде Өскемендегі мектептерге бомба қойылғаны туралы төртінші хабар.

Еске салсақ, ең бірінші 6 ақпанда Өскеменде сотқа және мектепке бомба қойылғаны хабарланған.

Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады.

9 ақпанда Өскеменде тағы да мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түсіп, оқушылар мен мұғалімдер эвакуацияланған.

Тексеру нәтижесінде бомба жоқ болып шықты.

Сондай-ақ 10 ақпан күні қаладағы жиырма алты мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар түскен.


Соңғы жаңалықтар