Өскеменде биыл 800-ден астам адамды ит қапты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жыл басынан бері 826 адамды ит қапқан.
Осы жылдың көктемінен бері ит қапқан адамдар саны азаймай отыр. Қалалық травматологиялық пункттің мәліметінше, медициналық көмекке жүгінгендер саны сәуір, мамыр айларында және күздің ортасында артқан.
Қыркүйек айының өзінде дәрігерлер ит қапқан 93 адамды тіркеді. Ал қазанның ортасына дейін медициналық мекемеге тағы 53 адам жүгінген.
Десе де қазіргі уақытта Өскеменде қараусыз жүрген жануарларды тұрақты түрде аулау жұмыстары жүргізілмей отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл қызмет мердігер ұйым анықталғаннан кейін ғана іске кіріседі.
– Қазіргі уақытта қараусыз жүрген жануарларды аулаумен айналысатын мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер әлі жалғасып жатыр. Конкурс аяқталып, тиісті келісімшарт жасалғаннан кейін мердігер қала аумағында жұмыстарды дереу бастайды, – деп хабарлады Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен.
Еске салсақ, бұған дейін БҚО-да жануарлардан зардап шеккендер саны 1 800-ден асқаны хабарланған.