Өскеменде биыл тұмауға шалдыққандар саны 1,2 есе артты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында биыл ЖРВИ-мен ауырғандар саны 1,2 есе артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл ЖРВИ-мен ауырғандар саны 1,2 есе артып отыр. Бұл дертке шалдыққандардың жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар.
«Қазіргі уақытта Өскеменде ЖРВИ бойынша жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, маусымға тән. Қазан айынан бері тұмау жұқтырғандар да тіркелуде. Бүгінгі таңда төрт адам тұмауға шалдыққан. Тұмаудың асқынуынан қайтыс болғандар жоқ», - дейді басқарманың эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Арай Айдарқызы.
Оның айтуынша, қазан-қараша айларында халықты тұмауға қарсы иммундау жүргізілуде. Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 60 жастан асқан қарттарға, балалар мен ЖРВИ-мен жиі ауыратын адамдарға вакцина салу үшін «Гриппол плюс» екпесінің 41,5 мың дозасы сатып алынды.